09 Тамыз, 2016

Халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсету – басты міндет

2697 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Astanadaghy-halyqqa-memlekettik-qyzmet-korsetu Биыл сәуір айында «Азаматтарға ар­нал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құры­лып, ол халыққа қызмет көрсету, зейнетақы төлеу, жылжымайтын мүлік және жер кадас­тры ғылыми-өндірістік орталықтары сияқты төрт бірдей ірі құрылымды біріктірген болатын. Содан бері де үш айдың жүзі болыпты. Жаңа ұйым халыққа қызмет көрсету ісін жетілдіру бағы­тында не істеді? Қандай жаңалықтары бар? Мем­ле­кеттік корпорацияның басқарма төрағасы Данияр ЕРЕНЧИНОВПЕН сұхбат осындай сан түрлі сауалдың төңірегінде өрбіді. – Данияр Қағазбекұлы, биыл сәуір айынан бастап коммерциялық емес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ құрылғанын жақсы білеміз. Содан бірнеше мемлекеттік кәсіпорын қайта құрылып, корпорацияның құрамына енді. Сол мекемелер мен олардың қызметтері жайында кеңінен айтып берсеңіз? – Иә, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрт мекеменің негізінде құрылды. Олар – Халыққа қызмет көрсету орталығы, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, Жылжымайтын мүлік орталығы мен Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы. Бүгінде аталған мекемелерге барып, қағаз алмаған адам жоқ шығар. Бәріміз бір рет болса да, осы кәсіпорындардың көмегіне жүгіндік. Анықтама алдық, рұқсат қағазын шығардық. Бір қарағанда, жұмыстары аз сияқты. Алайда, олардың қызмет көрсету аясы кең Мысалы, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында халыққа қызмет көрсету орталықтарында адамдар 18,5 миллионнан астам рет сан алуан қызметтерді қолданған. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа күн сайын жүздеген адам келеді. Олардың ішінде, зейнеткерлер, мүгедектер,  жұмыссыздар, асыраушысынан айырылған адамдар және тағы басқа әлеуметтік жағынан қорғалған адамдар бар. Жылжымайтын мүлік орталығына да халық көптеп келеді. Бүгінде ол жердің материалдық-техникалық базасы жаңарып, техникалық паспорттарды сызу процесі толығымен автоматтандырылып отыр. Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығының да орны бөлек. Әсіресе, қазіргі ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мәселесі аясында оның қызметі аса маңызды. Себебі, орталықтың өндірістік зертханалары топырақтың құнарлылығын сақтау және жақсарту әдістерін, жалпы, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде орталық жер топырағын зерттеу, жер учаскелеріне мониторинг жасау мен паспорттау жұмыстарын жүргізеді. Орталық жұмысын әлі де жетілдіруге болады. Біз əрбір фермерге топырақтың құнарлылығы мен экожүйесін сақтай отырып, жер учаскесін тиімді пайдалану бойынша кеңес бере аламыз. Демек, аталған қызметтердің бәрі адамның күнделікті өмірін қамтиды. Бала туғанда анықтама аламыз. Одан кейін балабақша, мектеп пен институтқа барғанда тағы құжат жинаймыз. Некеге тұрамыз, жұмысқа орналасамыз. Оған да мемлекеттік қызметтің көмегі керек. Былайша айтқанда, біз адамның туғанынан бастап бүкіл өмірін жүргізіп отырамыз. Сол себепті, мемлекеттік корпорацияның атауын «Азаматтарға арналған үкімет» деп қойды. Қазақстан азаматы күнде біздің қызметімізге жүгінеді, ал біздің міндетіміз – сол қызметті сапалы түрде көрсетіп, адамның өмірін барынша жеңілдету. Мемлекет халықтың көмекшісі, кеңесшісі әрі жақын досы болуы тиіс. Осыған байланысты барлық мемлекеттік қызметтер ыңғайлы, түсінікті әрі жедел түрде көрсетілуі шарт. Осылайша, әрбір адаммен тікелей байланыста болудың арқасында статистиканы жүргізіп, әлеуметтік әрі  маркетингтік сауалнамаларды да өткізуге болады. – Биыл алғашқы алты айда қазақ­стандықтар тек ХҚКО-ларда ғана 18,5 млн. рет сан алуан анықтама мен рұқсат қағаздарын алды деп отырсыз. Жалпы, төрт бірдей мекемені біріктіріп отырған «Азаматтарға арналған үкімет» көрсететін мемлекеттік қызметтердің саны қанша? – Қазірдің өзінде республика бо­йынша мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі «Азаматтарға арналған үкіметке» тиесілі. Бүгінде тізімге кіретін  739 қызметтің бәрін 530 қызметке біріктірген. Барлығы «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Дегенмен, ол қызметтердің саны әлі де көбейеді. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, «Аза­маттарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетуге жататын мемлекеттік қызметтерді ірік­теу мәселесі қаралды. Отырыстың шешімі бойынша бізге тағы 53 жаңа қыз­мет берілмек. Бұл дегеніміз, таяу уақыт­та «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы 583 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. – Шыны керек, мемлекеттің қызмет көрсету саласында халықпен тікелей байланыстың болғаны аса қажет. Әйтпесе, бұрын бір қағазды алу үшін «ағалап, көкелеп» жүретін едік. Осы орайда «Азаматтар үшін үкіметтің» халықты барынша қамтығаны қажет қой. Бүгінде сізде әрбір ауданмен, әрбір ауылмен байланыс бар ма? – Корпорацияға фронт-офистердің ауқымды желісі кіреді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны да аз емес. Бүгінде республика бойынша 353 фронт-офистер жұмыс істейді. Әрбір офисте күн сайын мыңдаған азаматтарға қызмет көрсетіледі. Оған қоса, инспекторлар зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бо­йынша барлық қызметтерді ұсынады.  Қазір екі ведомствоның (халыққа қызмет көрсету орталығы мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық – авт.) ақпараттық жүйелері арасында байланыс орнатылып, барлық фронт-офистерде тиісті бағдарлама енгізілді. Ол жерде жылжымайтын мүлік пен жер кадастры мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтерді де алуға болады. Әрбір офисте кедергісіз қызмет көрсету, бірыңғай электрондық кезек енгізілген. Сондай-ақ, нақты уақыт режімінде мемлекеттік қызмет көрсету процесін бақылайтын орталық жұмыс істейді. Бөлімшелердің басым бөлігі сағат 9.00-ден 20.00-ге дейінгі жұмыс кестесіне ауысты. Ал шалғай елді мекендерде тұратын адамдарға мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін мобильді, яғни  жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Олар соңғы жарты жылда, шамамен, жеті мың рет қызмет көрсеткен. Бүгінде мобильді ХҚКО-лар арқылы барлық 530 қызметті пайдалануға болады. Ондай топтар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы. Олар «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне келмей-ақ, тиісті қызметтерін ала алады. – Шынын айту керек, біз электронды қолтаңбаны пайдаланып, құжат алуға ерінеміз. Онымен уақытты екі есе үнемдеуге болады. – Иә, біріншіден, уақытты үнемдейміз. Екіншіден, құжат беру рәсімдерін оңтайлан­дыра­мыз. Бұрын қандай да бір анық­таманы  алу үшін бір мекемеден екінші мекемеге шапқылаумен болдық. Оның үстіне ұзынсонар кезектерді тағы қосыңыз. Қазір мұның барлығы артта қалды. – Сөз жоқ, сіздің жұмысыңыз үнемі бір нәрсені жетілдіріп, бір қызметті екіншіге қосып, оны барынша оңтайландыруды қажет етеді. Болашақта қазіргі қызметтердің саны да азаятын шығар? – Иә, корпорацияның басты міндеті – мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру, озық технологиялар мен шешімдерді пайдаланып, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде әкімшілік кедергілерді барынша азайту,  «бір терезе» қағидатынан «бір өтініш» қағидатына көшу. Корпорация мамандары құжаттар топтамасын қысқартып, мемлекеттік қызмет көрсету уақытын барынша азайту мәселесін үнемі зерделеп отырады. Осы орайда, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру рәсімдерін жеңілдету, жер учаскелерінің кадастрлық құнын айқындау бо­йынша қызметтер мерзімін қысқарту сияқты бірнеше пилоттық жобаның іске асқанын ерекше атап өткен жөн. Композиттік қызметтерді қалып­тастыру бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Онда екі немесе одан да көп қызметтерді бір өтінішпен алу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, қазір бір өтінішпен бала туылған кездегі екі жәрдемақы – біржолғы  жәрдемақы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне арналған әлеуметтік жәрдемақыны ала аламыз. Бұдан бөлек,  жұмыссыз азамат ретінде тіркелу мен жұмыссыз қалған жағдайда әлеуметтік төлемдерді тағайындау процедуралары жеңілдетілді. Енді, екі қызметті бір мезгілде алуға болады. Жақында көлік жүргізушілері үшін мамандандырылған ХҚКО-ларда бірқатар жобаларды іске қостық. Олар – жүргізуші куәлігін алу процедураларын жеңілдету және автодромдарда сынақты тапсыру. Автоәуесқойлар көлікке техникалық паспорт алу уақытын қысқарту бойынша біздің пилоттық жобамызды жоғары бағалады. Қазір оны алу үшін бір-ақ сағат кетеді. Осылайша, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдерін құру жұмысы атқарылып жатыр. Соның барлығы «Бес институттық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көрсетілген. – Төрт бірдей мекеменің басын қосу оңай емес  шығар? – Мен өзім техникалық мамандық бойынша білім алғанмын. Ал техникалық  ойлау қабілеті бар адамдар кез келген проблемаға математикалық тұрғыдан қарайды. Мемлекеттік корпорацияны құру кезінде «ХҚКО», «ЗТМО», «ЖМО» және «ЖерҒӨО» деген төрт түрлі  кәсіпорынның басын қосып, бір-бірімен байланысы бар оңтайлы әрі тиімді модельді қалыптастыру міндеті қойылды. Әрқайсысының өзіндік салалық жұмыс ерекшеліктері, көпжылдық тарихы, жасыратын несі бар, осы уақытқа дейін жинақталған проблемалары да болды. Мен математикалық тұрғыда дұрыс шешім табуға тырыстым. Бұл кәсіби тұрғыда да, жеке өзім үшін де үлкен сын болды. – Осы тапсырма ойда­ғыдай орындалды деп ойлайсыз ба? – Бүгінде ауқымды бір нәтижелер туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Біз әлі трансформация кезеңінен өтіп жатырмыз. Дегенмен, мемлекеттік корпорация­ны құру бойынша Үкімет пен директорлар кеңесі алдымызға қойған міндеттер сәтті шешілді деп білемін. Бұл жерде бәрін тоқтатып, қайта құру жұмысын жасауға болмайды. Себебі, халықтың мемлекеттік қызметтерге жүгінуі – үздіксіз жүретін процесс.   Меніңше, біз жұмысты жаңаша ұйымдастыру кезеңінен сәтті өттік. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жұмыстың нашарлауына жол бермедік. Құрылымдық бөлімшелердің жұмысы бір күнге де тоқтаған жоқ. Осы орайда, корпорацияның барлық қызметкерлеріне алғыс айтқым келіп отыр. 21,5 мың адам бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аянбай жұмыс істеді. Сөйтіп, жаңа корпорацияның құрылуына өз үлестерін қосты. – Осындай үлкен құрылымды құру кезінде біраз қиындықтарға тап болған шығарсыз? Жаңалықты әрбір адам әрқалай қабылдамай ма? – Енді, қиындықсыз болмайды ғой. Әрине, қайта ұйымдастыру процесінің өзі қиын. Оған егжей-тегжейлі тоқталғым келмейді. Мен басқа бір нәрсені атап өткім келіп отыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын қалыптастыру барысында біз барлық мемлекеттік органдардың көмегі мен қолдауын сезініп отырдық. Әлбетте, Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева мен директорлар кеңесі үлкен жұмыс атқарды. Ал, директорлар кеңесінің мүшелеріне келер болсақ, ол бірінші кезекте, біздің уәкілетті орган – ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері, ұлттық экономика, қаржы, әділет, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, білім және ғылым, инвестициялар және даму министрліктерінің басшылары бар. Аталған мемлекеттік органдар бізбен тығыз жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта олардың қолдауы бізге әлі қажет болады. Себебі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының алдында әлі көп шаруа тұр. photo_183585